Олар ҰБТ тапсырмайды. Өйткені, халықаралық олимпиаданың жеңімпаздары. Əлемнің ең үздік оқу орындарында білім алып, жемісін өз еліне бергісі келеді. Қандай мамандық таңдайтынын жылдар бұрын таңдап та қойған.

Санжар БИДАЙБЕК Астана қаласындағы қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы. Осы күнге дейін информатика, математика олимпиадаларында талай рет топ жарған. Санжар халықаралық SAT Subject Test сынағында математика мен физика пəнінен тест тапсырып, ең жоғары балл жинады. АҚШ-тың үздік оқу орындарына құжат тапсырып, сынақтың қорытындысын күтіп жүр.

Жүзден жүйрік шыққан тұлпарларымыз туралы жазуға өткен жылдың соңғы нөмірінде уəде берген едік. Алайда, бірде балалардың уақыты болмай, бірде жарыстары болып, тағы бірде біздің уақытымыз келіспей, бұл материалдың жарыққа шығуы ұзап кетті. Дегенмен, бүгін Санжардан сұхбат алып қана қоймай, командаластарын да сөйлеттік. Асылбек ағайларының əңгімесін де тыңдадық.

Санжар: Тесттің екі түрі бар. Біреуі математика мен жалпы мəтінмен жұмыс істеу қабілетін тексерсе, енді бірі оқушының пəнді қаншалықты игергенін анықтайды. АҚШ-та барлық жоғары оқу орнына түсу үшін талапкер SAT-та міндетті түрде жоғары балл жинау керек. Тест біздің ҰБТ сияқты. Оңтүстік Кореяда Сеул, Қытайда Гонконг университеті, Сингапур мен Еуропадағы университеттерде халықаралық стандарттарға сай SAT сертификатын кейде мектептің дипломының орнына (мысалы, Назарбаев университеті) қосымша ретінде қабылдайды. Осы оқу орындарына өтініш жібердім, енді жауап келу керек. Өкініштісі, Америка университеттеріне түсе алмадым. Десе де, Принстон мен Гонконг университетінен үміттімін.

Ұлан: SAT сынағына қалай дайындалдың?

Санжар: Интернетте тегін арнайы курстар бар. Соның бірі – khanacademy.org. Бірақ, ақпараттың барлығы ағылшын тілінде. Тестті өткізетін компания сынақта келуі мүмкін деген сұрақтарды дайындайды. Мен математика мен физика пəнінен тапсырдым. Екі пəннен де ең жоғары 800 балл жинадым. Шетелде оқығысы келетін талапкерлер бұл тесттің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді.

Ұлан: Ресейде өткен XVII халықаралық информатика олимпиадасында Қазақстан командасы1-орынды жеңіп алды. Олимпиадаға ұзақ дайындалдыңдар ма?

Санжар: Бұл олимпиадаға ТМД елдерінің оқушылары қатыса алады. Əрбір елден 4 оқушының мүмкіндігі бар. Олимпиада бір уақытта бес қалада өтті. 200 команданың ішінде біз 1-орын алдық. 11 есеп берілді. Басында қиын болды. Есепті дұрыс бастамадық. Соңына қарай Асхат, Нұрбақыт үшеуміз тез жиналдық.Олимпиада кезінде Асхат, Нұрбақыт үшеуміз қарсылас боламыз. Бірақ, халықаралық олимпиадада елдің атынан сынға түсеміз. Үшеуміз дос болып кеттік. Мен Алматыға барамын, олар Астанаға келеді.

Ұлан: Олимпиададан соң ресейліктер өз елінде оқуға түсуге ұсыныс жасаған болар?

Санжар: Олимпиаданы Ресейдегі ИТМО университеті ұйымдастырады екен. Алматыда, Мəскеуде, Санкт-Петерборда жəне тағы екі қалада өтті. Оқу орнына құжат тапсырған кезде осы олимпиаданың деңгейі бар екенін көрсетсе, арнайы жеңілдік жасалады екен. Тіпті, кейбір университеттерге сынақ та тапсырмайды.

Ұлан: Қазақ жастарының шетелдік компанияларда жұмыс істейтінін жиі естиміз. Сондай замандастарыңмен сөйлесесің бе?

Санжар: Əрине, əлеуметтік желі арқылы болса да сөйлесіп, кеңес сұраймын. Темірлан Өтемұратов деген мықты ұстазымыз бар. Олимпиадаға информатика командасын дайындайды. ҚБТУ-дың түлегі. Google компаниясында жұмыс істеген. АҚШ-тың Принстон университетінде оқып, елімізде компания ашқан жігіт бар. Арман деген досым Пенсильвания университетінде оқып əрі жұмыс істеп жүр. Шетелде оқуды асқан мəртебе санамаймын. Өзім шетелде оқып, тəжірибе жинасам деймін. Айлығына қызығып, шетелде жүріп қалатын жастардың қатарына қосылмаймын. Информатика саласын терең меңгеріп, білгенімді өзгеге үйретсем деген арман бар.

Ұлан: «Санжар, олай емес, былай жаса!» деген нұсқауды жиі естисің бе? Мысалы, ата-анаң тарапынан?..

Санжар: Жоқ. Мүмкін өзім ондай дəрежеге жеткізбеген болармын (күліп). Менің екі əжем де мектепте бірі математикадан, енді бірі физика пəнінен сабақ берген. Ата-анам ҚазҰУ-да математика факультетінде оқып жүргенде танысқан. Əкем – мемлекеттік қызметкер, анамның шағын бизнесі бар. Есеп шығару – отбасымыздың сүйікті ісі. Анам 4-сыныпты бітіргенде қаладағы ең үздік мектепте оқытуға тырысты. Қоғамда білімді болудың пайдалы екенін жиі айтып отыратын. Олимпиадада жеңіліп қалсам, өкпелемейтін. 7-сыныпты №60 мектепте оқыдым. 9-сыныптар арасында математикадан олимпиада өтті. Əр қаладан 50 шақты бала қатысты. Сонда олимпиадаға қатысқан оқушылардың көбі қазақ-түрік лицейінің оқушылары еді. Сол балалармен достасып кеттім. Олар «олимпиадаға қатысып, бағыңды сынағың келсе, қазақ-түрік лицейіне кел» деді. Ұсынысымды ата-анам да қолдады. Лицейге түсу үшін сынақ тапсырып, сүрінбей өттім.

Бастауыш сыныпта білім сайысында үлкен жетістікке жете қоймадым. 6-сыныпта информатикадан аудандық олимпиадаға қатысып, 2-орын алдым. Ата-анам да, өзім де мəзбін. Ол кезде «болашақта олимпиада жеңімпазы боламын» деген ой болмапты.

Ұлан: Алматы мен Астана қаласындағы IT компаниялары жұмысқа шақырғанын естідік.

Санжар: Иə, ол рас. Zero to one labs Codebusters компаниясы өндірістік тəжірибеден өтуге шақырды. Егер оқуға түсе алмасам, бір жыл осы компанияда жұмыс істесем деймін. Өйткені, Zero to one labs андройдқа бағдарлама жазудан көш бастап тұр.

Ұлан: Алға қойған жоспарың қандай?

Санжар: Мектептегі мемлекеттік емтиханға дайындалып жатырмын. Келесі айда Иран елінде халықаралық информатика олимпиадасы өтеді. Есеп шығарып, дайындықты бастап кеттім. Былтыр Татарстанның Қазан қаласында өткен халықаралық информатика олимпиадасына Нұрбақыт екеуміз қатысқанбыз. Командалық есепте 10-орын алдық. Ұстаздарымыз көрсеткіштің жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын айтты. Осы жолы алтын аламыз деген үміт бар. Уақытымды бос өткізбеуге тырысамын. Кітап оқимын, спорт залға барып каратэмен айналысамын.

Ұлан: Сəттілік тілейміз.

Нұрбақыт МƏДІБЕК, қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы:

80 ЕЛДЕН  308 ОҚУШЫ ҚАТЫСТЫ

– Олимпиадаға қатысуды қазақ-түрік лицейіне келгенде бастадым. 7-сыныпта оқып жүріп, 9-сынып оқушыларына арналған олимпиадаға қатысып, 1-орын алдым. Былтыр Татарстан астанасы Қазанда өткен олимпиадаға əлемнің 80 елінен 300-ден аса оқушы қатысты. Маған қатты ұнады. Дайындығым жақсы болғасын болар, сұрақтар аса қатты қиын болмады. Топ жарып, 2-орын алдым. Бүкіл əлемнің халқын көрдім, білдім, тілдестім. Иран, Корея, Иордания, АҚШ-тан келген өзім секілді балалармен таныстым.

Дариға Назарбаевамен кездесу де қанат бітірді. «Қазақ елінің болашағы, келешегі сендердің қолдарыңда. Елдің намысын ойлаңдар, білім алу жолында шаршамаңдар», – деді. Сыйға компьютер берді. Ата-анам қуанып, мені мақтан тұтты.

Болашаққа құрған жоспарым бар. Мүмкін, ҚБТУ-ға түсетін шығармын.

Асхат ЖАЛҒАСОВ, қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы:

55 САҒАТТЫҢ ІІШІНДЕ 11 ЕСЕП ШЫҒАРДЫҚ

– Ресейде өткен халықаралық информатика олимпиадасында қазақ балалары тұңғыш рет жеңіске жетті.  Біз 5 сағаттың ішінде 11 есепті шығардық. Уақытты ұтымды пайдалана білдік. Мен ҰБТ тапсырмаймын. Техникалық білім беретін кез келген оқу орнына түсуге мүмкіндігім бар. Десе де, өзімнің таңдауым – Назарбаев университеті. Мүмкіндік болса, Оңтүстік Кореяда, Қытайда білім алғым келеді. Өйткені, IT саласы Азия мен Америкада өте жақсы дамыған. Ата-анамның математика, информатика саласына еш қатысы жоқ. Олар басқа саланың мамандары. Сайысқа жиі қатысып, үнемі жеңіспен ораламын. Содан болар, анам аса қатты уайымдамайды. Маған сенетінін айтады. Болашақта информатик немесе инженер болғым келеді. 7-8-сынып оқып жүргенде,күніне 10 есеп шығаратынмын. Информатикаға қызығушылық осылай басталды.  Математикадан айырмашылығы – есепті компьютер арқылы шешесің.

Асылбек БОРАНБАЙ, қазақ-түрік лицейінің информатика пəнінің мұғалімі:

АЛТЫННАН ҮМІТІМІЗ БАР

– 7-сыныпта 70 оқушыны оқуға қабылдаймыз. Бір айдың ішінде 30 оқушыны іріктеп, олимпиадаға дайындаймыз. Химия, биология, алгебра, информатика пəндеріне салмақ саламыз. Сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Сол себепті де, оқушылар ағылшын тілін техникалық деңгейде меңгеріп шығады. Күніне ең кемі 1 сағат олимпиадаға дайындалады. Каникул уақыттарында да таңғы 10-нан кешкі 6-ға дейін сабақ өтеді.

Əр олимпиаданың шыңы – оның халықаралық деңгейде өтуі. Олимпиадаға кез келген есепті енгізбейді. Əрбір қатысушы есеп ұсынады. Орталыққа жүз немесе екі жүз есеп келуі мүмкін. Осылардың ішінен ең қиын сегіз есепті таңдап алады.

Нұрбақыт Мəдібек былтыр Татарстанның Қазан қаласында өткен халықаралық информатика олимпиадасында 2-орынға ие болып,  күміс медаль алды. Еуразиялық олимпиаданың нəтижесінде техникалық білім беретін оқу орындарының грантын жеңіп алды. Енді таңдау өз еркінде. Халықаралық Жəутіков олимпиадасының да өзіндік салмағы бар. Осы додада Асхат пен Нұрбақыт алтын алды. Нұрбақыт пен Асхаттың есеп құрастыратын өнері бар. Интернетте бір сайт екеуінің құрастырған есептерін үздік деп танып, онлайн тесттің қатарына енгізіпті. Былтыр Сенат депутаты Дариға Назарбаева Санжар, Нұрбақыт жəне Асхатпен кездесіп, болашақ туралы еркін отырып əңгімелескен еді. Бұл да балалардың еңбегінің жемісі. Жыл бойы халықаралық олимпиадалар жиі өтеді. Десе де, Иран астанасы Тегеранда өтетін олимпиаданың жөні бөлек. Оқушыларымыз үмітті ақтап, биіктен көрінеді деген сенімдеміз.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан», №22

30 мамыр, 2017