Біз осы заманғы білім беру жүйесінсіз, әрі алысты барлап, кең ауқымды ойлай білетін осы заманғы мұғалімдерсіз инновациялық экономика құра алмаймыз!

Республикалық: 2661
Облыстық: 11638
Халықаралық: 3580
басты бетке

Әлемге танымал бүркітші қыз Астанада білім алмақ

25 қыркүйек күні елордадағы “Spectrum” халықаралық мектебінде “Білім-инновация” Халықаралық қоғамдық қорының басшысы Дархан Өте әлемге танымал қазақтың бүркітші қызы Айшолпан Нұрғайыпқызына білім грантын табыстады.

Ұлттық құндылығымызды дәріптеп жүрген Айшолпан қандасымыздың Қазақстанды көру арманын орындаған «Білім-Инновация» Халықаралық қоғамдық қоры елордадағы Кембридж бағдарламасымен оқытатын «Spectrum» халықаралық мектебінде оқуға 20 000$ көлемінде білім грантын ұсынды.

«Бүгіннен бастап Айшолпан «Spectrum» халықаралық мектебінің оқушысы атағына ие болды. Биылдан бастап екі жыл бойы  Айшолпанның академиялық және тілдік деңгейін көтеруге көмектеспекшіміз. Әлемге танымал бүркітші қыз келешекте өзінің қалаған мамандығын таңдап, қоғамда өз орнын тауып, үлкен жетістіктерге жете беруі керек. Қазіргі таңда Айшолпан 12-ші сыныпқа көшуі тиіс. Ата-анасымен ақылдаса отырып, ендігі 1 жыл уақытын «Spectrum» халықаралық мектебінде өткізбек. «Білім-Инновация» және «Білім Орда» ХҚҚ Айшолпанды 1 жыл бойы толық өз жауапкершілігімізге аламыз деп келісіп отырмыз. Күндіз мектепте білімін алатын болса, кешкі уақытта қорымызға қарасты жатақханада тұратын болады», – деді Дархан Өте.

Қазақы өнерді әлемге танытып жүрген бүркітші қызды америкалық режиссер Отто Беллдің «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) деректі фильмінен кейін атақты АҚШ-тағы Гарвард және Оксфорд университеттеріне шақырту алды.

Сондай-ақ бүгінгі отырыс барысында қандасымызға Алматы қаласындағы Сүлейман Демирель атындағы университеті Айшолпанның болашақта журналист немесе тілші болғысы келетінін ескеріп, кез келген мамандыққа білім грантын ұсынып, куәлігін табыстады.

«Мен үшін күтпеген жағдайлар орын алып жатыр. «Білім-Инновация» қорын жасаған ұсыныстан кейін ата-анаммен ақылдасып, «Spectrum» халықаралық мектебінде оқитын болып шештім. Әрине, өте қуаныштымын. Осындай мүмкіндік беріп, грант ұсынып жатқандарыңызға, Сүлейман Демирель атындағы университетіне алғысымды айтамын», – деді Айшолпан Нұрғайыпқызы.

Айшолпанның анасы Алмагүл Көксеген қуаныштан көзіне жас алып, барлық мүмкіндік жасап, Қазақстанда қонақ етіп жүрген “Білім-инновация” Халықаралық қоғамдық қорына зор алғысын білдірді.

Просмотров страницы: 119

Серіктестер