Біз осы заманғы білім беру жүйесінсіз, әрі алысты барлап, кең ауқымды ойлай білетін осы заманғы мұғалімдерсіз инновациялық экономика құра алмаймыз!

Республикалық: 2924
Облыстық: 13536
Халықаралық: 4002
басты бетке

“Білім-Инновация” оқушыларының арасында көңілді тапқырлар лигасы өтті

KTL ойындарының екі дүркін чемпионы Семей БИЛ оқушыларынан құралған SBIL Gates командасы.

Жастар жылы аясында, 13-сәуір күні Астана қаласы, «Қазмедиа орталығында» «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» және «БІЛІМ-ОРДА» Халықаралық қоғамдық қорларының ұйымдастыруымен оқушылар арасында «КӨҢІЛДІ ТАПҚЫРЛАР ЛИГАСЫ» финалдық ойыны өтті.

Осымен екінші жыл ұйымдастырылған KTL (Көңілді тапқырлар лигасына) финалдық ойындарына әр аймақтан іріктелген “Білім-инновация” лицейлерінің оқушылары қатысты.

Әр аймақтан жиналған үздік командалар.

Финалдық ойынға аймақтық кезеңнің және 2-кезеңнің жеңімпаз командалары, барлығы 6 команда қатысты. Олар: Семей “Білім-инновация” лицейінің командасы – “Sbil Gates”, Қызылорда ұлдар БИЛ – “Brand”, Алматы қыз БИЛ – “Сол баяғы Алқыз”, Қарағанды ұл БИЛ – “Көңілді Қытырлақтар”, Ақтөбе БИЛ – “Бірдеңе бірдеңе” және Сүлейман Демирель колледжі – “Жалынды Әгүршіктер”.

Қызылорда “Білім-Инновация” лицейінің “Brand” командасы.
Қарағанды “Білім-Инновация” лицейінің “Көңілді Қытырлақтар” командасы.
Алматы қыз балалар “Білім-Инновация” лицейінің “Сол баяғы Алқыз” командасы.
Сүлейман Демирель колледжінің “Жалынды Әгүршіктер” командасы.
KTL

Биылғы ойынға әділ баға беріп, жеңімпаздарды анықтаған әділ қазылар алқасының құрамында: “Qazaqstan” ҰТА дирекция директорының орынбасары Мейіржан Әлібекұлы, “Білім-Инновация” Халықаралық Қоғамдық Қорының президенті Дарxан Өте, Астана Халықаралық Университетінің Вице-Президенті Раxымбек Жолаев, “Бизнес по-казахский”, “Каникулы в Таиланде”, қазақ кино тарихының ең табысты комедиясы “Брат или брак” фильмдерінің сценаристі, продюсері және режиссеры Алишер Утев, журналист Нұрсұлтан Құрман, Еуразиялық Технологиялық Университетінің тәрбие-ісі жөніндегі проректоры Вахап Одар, Ринго тобының мүшесі, әнші Аян Бірбаев және ҚР байланыс және коммуникация министрінің кеңесшісі Мирас Мұқаш болды.

Әділ қазылар алқасы бағалау үстінде.
Әділ қазылар алқасының төрағасы “Білім-Инновация” ХҚҚ президенті Дархан ӨТЕ.
“Брат или брак” фильмдерінің режиссері Әлішер Утев.

Әлішер Утев өткен жылдан сапаның әлдеқайда артқанын байқап, ойыншыларды бір қуантып алды.

Алматы БИЛ түлегі, “RINGO” тобының әншісі Аян Бірбаев.

Алматы БИЛ түлегі, “RINGO” тобының әншісі Аян Бірбаев ойыннан ерекше әсер алғанын, кезінде лицейде болған естеліктерін көрерменмен бөлісті. Оқушыларға кейбір сәтті еске салғаны үшін рахметін жеткізіп, БИЛ ұстаздарына алғыс айтты.

Естеріңізде болса, өткен жылы жеңімпаз атанған команда ақшалай сыйлықтарын ауыр дертке шалдыққан «Білім-Инновация» лицейінің түлегі, Назарбаев университетінің студенті Азизат Гильмееваның еміне табыстаған болатын. Ал биыл Азизаттың өзі осы кештің қонағы болып, барлық қайырымды жандарға өз алғысын білдірді.

Сондай-ақ кеш барысында KTL ойнаған 11 сынып оқушыларына 3 университет білім грантын табыстады. Атап айтсақ, оқушылар “Астана” халықаралық университеті, Сүлейман Демирел университеті, Еуразия Технологиялық университетінің грантын иеленді.

Әділ қазылар алқасының шешімімен үздік шыққан Семей “Білім-инновация” лицейінің “Sbil Gates” командасы ауыспалы кубок пен 300 мың теңгенің иегері атанды. Естеріңізге салсақ, бұл команда өткен жылы да оза шауып чемпион болған еді.

Ал екінші орын Сулейман Демирель колледжінің “Жалынды Әгүршіктер” командасына бұйырса, жүлделі үшінші орынға Қызылорда “Білім-Инновация” лицейінің “Brand” командасы лайық деп танылды.

KTL ойындарының екі дүркін чемпионы Семей “Білім-инновация” лицейінің  “Sbil Gates” командасы.

Жеңімпаз анықталған тұста “Sbil Gates” командасының белсенді ойыншысы, Сүлейман Демирел университеті журналистика кафедрасының грантын жеңіп алған Бақнұр Ермеков қуанышымен бөлісті.

Семей “Білім-Инновация” лицейінің 11 сынып оқушысы Бақнұр Ермеков.

“Жауапты ойынға 2 ай дайындалдық. Мойымай, қиындықтардың барлығын еңсеріп бүгін чемпиондыққа қол жеткіздік. Біз үшін қолдан келмейтін нәрсе жоқ. Әділ қазылар екінші рет чемпиондықты бермейді деген де қисынсыз. Бір жағынан әділ қазыларға қалыптасқан стереотипті бұздық деп ойлаймын. SDU-ға грант алдым. Көңіл-күй керемет. Бірақ, өзім кино актері болғым келеді. Журналистика мамандығы да бұйрық шығар”, – деді 11 сынып оқушысы. 

Республикалық көлемде өткен іс-шара осылайша өз мәресіне жетті.

Просмотров страницы: 89

Серіктестер