Біз осы заманғы білім беру жүйесінсіз, әрі алысты барлап, кең ауқымды ойлай білетін осы заманғы мұғалімдерсіз инновациялық экономика құра алмаймыз!

Республикалық: 2924
Облыстық: 13536
Халықаралық: 4002
басты бетке

«Біздің қоғам мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасын өзгертуі қажет»

Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ат спортынан ҚР чемпионы Сұлтан Жасыбай

Жақында әлеуметтік желілердің бірінде, Өскемен қаласында өткен Қазақстан Республикасының ат спорты федерациясының паралимпиадалық ойындарында жүлделі 1-орынды иеленген Ақтөбелік Сұлтан Жасыбайдың жаңалығымен таныс болдық. 

Сұлтан дарынды ер балаларға арналған Ақтөбе қазақ-түрік (қазіргі «Білім-Инновация») лицейінің 1999 жылғы түлегі. Ол туу жарақатының кесірінен эрб сал ауруына шалдыққан. Сол қолының сал болғанына қарамастан, аттың құлағында ойнайтын, он екі мүшесі орнындағы талай адамға үлгі болар азаматтың бірі. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерді сауықтыруға арналған иппотерапия мен бейімделген ат спорты жобасымен айналысып жүрген түлегімізбен әңгімелесудің реті түскен еді.

Ақтөбе облысы ҚР «Ат спорты федерациясы» бөлімшесінің құрама командасы

– Сұлтан, ең алдымен Сізді және командаңызды кезекті жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Сіз жақында ғана Өскемен қаласында өткен Қазақстан Республикасының ат спорты федерациясының паралимпиадалық ойындарында жүлдегерлер қатарынан көріндіңіз. Әуелі сол жарыс жайлы айтып өтсеңіз.

– Қазақстан Республикасының ат спорты федерациясының паралимпиадалық чемпионаты бұл спорттық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбелік жоспарына енетін шара. Биылғы чемпионат Өскемен қаласындағы «Титан» ат спорты кешенінің базасында өтті. Алдымен, 5-12 қыркүйек аралығында оқу-жаттығу жұмыстары, кейін 13-қыркүйек күні чемпионаттың өзі басталды. Жарыста Ақтөбе облысынан басқа, Маңғыстау, Атырау, Өскемен, Қарағанды және Алматыдан келген қатысушылар болды. Бұл спорт түрінде қатысушылар 14 жасқа дейінгі және 14 жастан жоғары жас ерекшеліктері бойынша сынға түседі. Паралимпиалық ат спортында қатысушылар 5 деңгей бойынша қатысады. Бірінші деңгейге – өте ауыр дене жарақаттары бар адамдар, яғни арбамен жүретін мүмкіндігі шектеулі адамдар жатады. Ары қарай физикалық жағдайының жақсаруына қарай бөлінеді. Мен 5-деңгей бойынша қатысамын, жылқыны бір қолмен ғана басқарамын. Біздің командамызда 1-деңгей бойынша қатысқан Айбек есімді жігіт болды. Екеуміз осы чемпионатта бірінші орынды иелендік.

Сұлтан Жасыбайдың жеке мұрағатынан алынған сурет

– Қазіргі таңда Сіз Ақтөбе қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерді сауықтыруға арналған иппотерапия мен бейімделген ат спорты жобасымен айналысып жүрсіз. Жалпы өзіңіз ат спортына қалай келдіңіз? Не себепті ат спортын таңдадыңыз?

Қазақ халқы жылқы малына өте жақын. Жылқы – киелі жануар. Қазақтың балалары аттың құлағында ойнаған деген сөз бар. Өзім Қандыағашта туып-өскеннен кейін, жылқы малына жақын болдым. Кейін балалардың церебалды салдығы (ДЦП) ауруына шалдыққан жақын достарымыздың балаларын көріп, оларға көмектесудің бір жолын іздедім. Интернеттен түрлі әдістерді іздестіру барысында атпен серуендеу арқылы, яғни иппотерапия әдісі бойынша емдеу жолы бар екенін оқыдым. Содан кейін менің қызығушылығым оянып, бірден бұл әдісті терең зерттеуге көштім. Бұл үшін арнайы Мәскеуге барып, 2 апталық тренингке қатыстым. Тренинг барысында иппотерапия сал ауруымен ауыратын баланың көңіл-күйін көтеріп, өзінің денесін бақылап ұстауға жақсы әсер ететіндігін, атпен баяу серуендегенде, адам денесіне берілетін импульс жөнінде толығырақ ақпарат алдым. Кейін аталмыш әдіспен емделгендер, өздігінен ат үстінде отыра алатын деңгейге жетсе, паралимпиада ойындарына қатыса алатынын түсіндім. 2018 жылы алғаш рет Өскемен қаласында өткен  Қазақстан Республикасы ат спорты Федерациясының ашық кубогына қатысып, қатысушылар арасында ұпай саным көп болып, жеңімпаз атандым. Осылайша ат спортына келген болатынмын. Иппотерапия әдісі – болашақ паралимпиялық спортшыларға арналған негізгі баспалдақ болғандықтан, мақсатым өз мысалымда бұл әдісті кеңірек таныту.

– Елімізде 680 мыңға жуық әртүрлі деңгейдегі мүмкіндігі шектеулі жан бар. Қолымыздағы деректерге қарағанда сол азаматтардың 3 пайызы ғана белсенді түрде спортпен айналысады екен. Сіздің ойыңызша, бұл жағдайды жақсарту үшін не істеу қажет?

– Көбісі қаржыландыру жеткіліксіз, инфрақұрылым жоқ деп жатады. Меніңше, алдымен кез-келген қызметті, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың спортпен айналысуын дамыту үшін – біздің қоғамдағы адамдарды қабылдау мәдениетін өзгерту қажет. Өкінішке орай, мұндай мысалдар бар, кейбір адамдар мүгедектігі бар адамды көрсе, оған бір нәрсе жеткіліксіз деп ойлап, аяушылықпен қарайды. Менің ойымша, бұл стереотиптен арылу қажет. Қашан біздің қоғам, мүмкіндігі шектеулі адамдарды өздеріндей тең дәрежеде қабылдаған кезде, олар да оны сезіне отырып, ашылып, іс-әрекет жасай бастайды. Иә, мүмкіндігі шектеулі адамдардың физикалық дамуында белгілі бір ерекшелік бар шығар, бірақ олар да қарапайым адамдарша қуанады, қайғырады, ғашық болады. Сондай-ақ, олардың арасында ерекше дарын иелері де көп. Біз оларға өз ерекшеліктерін, дарындылығын көрсетуге мүмкіндік беруіміз керек. Қазір біздің елімізде паралимпиадалық спорт, қарапайым спорт түрінен әлдеқайда алда. Әр түрлі инфрақұрылым нысандары бар. Мұның бәрі дамуға ықпал етеді. Әрине алда жасалатын жұмыс көп. Барлығымыз қоғам ретінде немесе осы проблемаға бей-жай қарамайтын адам ретінде мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасымызды өзгертуіміз қажет. Егер барлығымыз қатыссақ, біз жеңетінімізге сенімдімін.

– Сіз Ақтөбе қаласындағы дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік (қазіргі «Білім-Инновация») лицейінің түлегісіз. Өзіңіз білім алған оқу ордасы туралы, лицейде өткен шақтарыңыз жайында айтып берсеңіз.

– Мен қазақ-түрік лицейінде 1995 – 1999 жылдар аралығында білім алдым. Бұл аралықты естен кетпес алтын жылдар деп санаймын. Ол кезде қазіргідей барлық жағдай жасалмаған болатын. Соған қарамастан біз жақсы білім алып, ағылшын, түрік тілдерін жетік меңгеріп шықтық. Тіл білгеннің арқасында көпшілігіміз студент кезімізде бірден жұмысқа орналасып, әрқашан өзімізді дамытуға тырыстық. Лицей алдымен біздің тұлға болып қалыптасуымызға септігін тигізді. Өмірде мүмкін емес нәрсе болмайтынын, бәріне қажырлы еңбек пен шыдамдылықтың арқасында қол жеткізуге болатын және алға қойған арман-мақсаттарыңнан бас тартпауды үйретті. Сондай-ақ лицей ешқашан ұмытылмайтын достар сыйлады. Әлі күнге дейін бір-бірімізбен араласып тұрамыз. Бір сөзбен айтқанда, лицей – үлкен бір отбасы.

–  Сөз соңында, алдағы жоспарларыңызды және бүгінгі «Білім-Инновация» лицейлерінің оқушыларына жылы лебізіңізді сұрасақ?

– Алдағы уақытқа жоспарымыз көп. Алдымен осы бастаған ісімізді, иппотерапия мен бейімделген ат спортын жақсы деңгейге көтергіміз келеді. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерді сауықтыруға арналған иппотерапиядан бөлек, ат спортын кеңінен дамытсақ деген ойымыз бар. Ал, қазіргі лицейде білім алып жүрген оқушыларға келер болсақ, Сіздер бақыттысыздар деп ойлаймын. Себебі лицейге екінің бірі түсе алмайды, тек дарынды, ақылды, зерек балар ғана берілген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындай алады. «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары әрдайым білім шыңынан табылып, олимпиадалардан жеңіспен оралып, сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылданып, досқа адал болып, лицей берген тәрбиені ұмытпай, қойған мақсаттарына жетулеріне тілектеспін.

– Сұхбатыңызға көп рақмет. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін! Өзіңіз сияқты жандарға, әсіресе, сал балаларға мотивация сыйлап жүре беріңіз.

Просмотров страницы: 82

Серіктестер